Шарбақты ауданында өрттен зардап шеккен ер адамның денесі табылды
Өртке 7-ӨСБ күштері мен құралдары жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 қазан күні сағат 06:12-де Шарбақты ауданы Малинов ауылындағы үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.
– Шақыруға келген өрт сөндірушілер дереу өртті сөндіруге кірісті. Алаңы 15 шаршы метр ағаш еден және терезе жақтаулары өртенген, өрт сөндіру барысында 1969 жылы туған ер адамның денесі табылды. Ол осы үйде жалғыз тұрған, – дейді департаментте.
Тілсіз жаудың шығу себебі анықталуда.
Облыстық ТЖД пешті жағу кезінде абай болуға, төсекте темекі шекпеуге, электр жабдықтары мен тұрмыстық техниканы пайдалану ережелерін, өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға кеңес береді.