Павлодарда кәсіпкерлерге соттағы татуласу тәжірибесі таныстырылды
Жаңа Конституцияда бизнесті сот арқылы қорғау конституциялық құқық ретінде кепілдендірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Айтқали Жақыпбеков пен сот өкілдері өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес қауымдастықпен кездесті. Кездесуді «Атамекен» ӨКП директоры Ерқанат Әбенов модерациялады.
Жиында экономикалық дауларды сотқа жеткізбей, татуласу рәсімдері арқылы шешудің оң тәжірибесі, табысты практикалар және оның кәсіпкерлер үшін артықшылықтары айтылды.
Айтқали Жақыпбековтің мәліметінше, 2025 жылдың он екі айында өңірдің экономикалық сотына 4212 талап арыз және 213 іс түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға аз. 2024 жылы сотқа 4787 талап арыз және 276 іс тіркелген.
– Талап арыздар саны азайғанымен, олардың кері қайтарылу саны артты. 2025 жылы мұндай жағдайлар 642 болды, бұл 2024 жылмен (491) салыстырғанда 23,5 пайызға көп. 2025 жылы сот шешімі шығарылып, 1896 іс аяқталды, – деді спикер.
Сот төрағасы өңірлік кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерімен кездесулер өткізу үшін өз алаңын тұрақты түрде ұсынып отырғаны үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сот дауларын шешу жолдары мен оларды бейбіт реттеу мүмкіндіктері жөнінде кеңес алды.
– Біз мұндай кездесулерді өз алаңымызда тұрақты түрде өткізіп келеміз. Бұл – бизнес субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру және кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау мақсатында жасалып отыр, – деді Ерқанат Әбенов.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасында атап өткендей, Қазақстанның жаңа Конституциясында бизнесті сот арқылы қорғау конституциялық құқық ретінде кепілдендірілген. Әр азамат пен кәсіпкердің сот арқылы қорғалуға құқығы бар, ал соттар тек Конституцияға сәйкес келетін және құқықтар мен бостандықтарды шектемейтін нормаларды қолдануға міндетті.
Конституциялық құқықтар бұзылған жағдайда кәсіпкерлер нормативтік актілерге немесе мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымдана алады. Мемлекетпен, квазимемлекеттік сектормен немесе ірі компаниялармен туындайтын даулар да құқықтық алаңда шешілуі тиіс.
Еске сала кетейік, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум 15 наурызда өтеді.