Шетелдіктерді жұмысқа заңсыз тартқан шарбақтылық жауапқа тартылды
Ал заңсыз еңбек еткен екі өзбекстандық елден шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауданында жұмыс беруші мен екі шетелдік жұмысшы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Павлодар облысында заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жалғасуда. Осылайша, Шарбақты ауылын патрульдеу барысында полиция қызметкерлері заң бұзушылықтың кезекті дерегін анықтады.
Наурызбай батыр көшесіндегі нысанды тексеру кезінде Өзбекстан Республикасының екі азаматының тиісті рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметімен айналысқаны белгілі болды. Сот шешімімен шетелдіктер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Сонымен қатар, оларға бес жыл мерзімге елге кіруге тыйым салынды.
Қабылдаушы тарап та әкімшілік жазаға тартылды. Жұмыс беруші бірден екі бап бойынша жауапқа тартылған. Яғни шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны және көші-қон режимін бұза отырып елде жүрген азаматтарға тұрғын үй бергені үшін айыпталды.
Шарбақты ауданы көші-қон қызметінің инспекторы Әділ Шариповтың айтуынша, өңір тұрғындары мен кәсіпорын басшылары заң талаптарын қатаң сақтауы қажет.
— Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану қатаң әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Азаматтарды қырағы болуға, жұмысқа қабылданатын қызметкерлердің құжаттарын тексеруге және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырамыз, — деді полиция лейтенанты.
Ведомствода көші-қон ережелері шетел азаматтары үшін де, оларды қабылдайтын қазақстандықтар үшін де міндетті екені еске салынды. Өңірде профилактикалық және рейдтік іс-шаралар штаттық режимде жүргізілуде.