Павлодарлықтарды жазғы демалысқа алдын ала дайындалуға шақырады

Павлодарлықтарды жазғы демалысқа алдын ала дайындалуға шақырады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға арналған негізгі құжатты үш жұмыс күніне дейінгі мерзімде алу мүмкіндігі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ өңірлік филиалының мәліметінше, 2025 жылы бұл қызметті 48 905 павлодарлық пайдаланып үлгерсе, 2026 жылдың алғашқы төрт айында көрсеткіш 12 307 адамды құрады.

Қазақстан Республикасы азаматының паспорты республика аумағында және одан тыс жерлерде азаматтың жеке басын куәландырады. Мемлекеттік корпорация сервистердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыру бағытында күн сайын жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде ҚР азаматының жаңа паспортын рәсімдеу мерзімі 15 жұмыс күніне дейін созылады, ал оның жарамдылық мерзімі – 10 жыл. 

Азаматтар қызмет құнына да ерекше назар аударуы тиіс. ҚР азаматының паспортын беру үшін мемлекеттік баж қарастырылған: 16 жасқа дейінгі балалар үшін – 17 300 теңге (24 беттен тұратын паспорт), ересектер үшін – 34 600 теңге (36 бет) және 51 900 теңге (48 бет).

– Сонымен қатар, жедел рәсімдеу қызметі де қарастырылған. Павлодарды қоса алғанда, облыс орталықтарында 2026 жылы құжатты үш жұмыс күніне дейінгі мерзімде алу мүмкіндігі бар, қызмет құны – 3011 теңге. Ал аудан тұрғындары мен облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін жеделдетілген қызмет тек жеті жұмыс күніне дейінгі мерзімде қолжетімді, оның құны – 605 теңге, – деді өңірлік филиалда. 

Мамандардың айтуынша, тіпті жедел қызметті де демалыс маусымында алдын ала рәсімдеген дұрыс. Құжаттарды тіркелген мекенжайға қарамастан кез келген ХҚКО-ға барып тапсыруға болады. Құжат қабылдау небәрі 15 минутты алады, ал рәсімдеу уақыты жарты сағаттан аспайды.