Шымкент зообағында дүниеге келген қонжыққа «Умка» деген есім берілді
Шымкент зообағында дүниеге келген қонжықты көпшілік көруге мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылдың желтоқсан айында Шымкенттегі зообақта қонжық дүниеге келген болатын. Сол сәтте оған «Умка» атты лақап ат берілді. Қазір үш айлық қонжық торға шығып, зообаққа келушілердің көзайымына айналып отыр.
"Құрметті достар! Біздің сіздерге жақсы жаңалығымыз бар! Тянь-Шаньның ақ тырнақты қоңыр аюлары, лақап аттары Бимка мен Татьянаның желтоқсан айында қонжығы дүниеге келген болатын. Қазіргі кезде анасы мен қонжықтың жағдайы жақсы. Ол анасының артынан қызығушылықпен еріп жүреді. Ал, Татьяна - өте қамқор ана, ол қонжығынан бір қадамға да алшақ кетпейді» - делінген зообақ өкілдері таратқан ақпаратта.
Еске сала кетейік, Бимка мен Татьяна Шымкентке 2016 жылы Алматы зообағынан алып келінген болатын.