Павлодарлық Майраның кереуеті: Отырған қыз орын таба ма?

Майра Шамсутдинованың музей-үйінде халық әншісінің кереуеті сақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ән еркесі 1890 жылы Ертіс өңірінде дүниеге келген. Әкесі татар Уәли, шешесі қазақ Қатира деген кісі болған. Әншілік өнерге 13 жасынан бастап ден қойған, әнді сырнаймен айтқан. Әнші Баянауыл, Қоянды жәрмеңкелерінде әнші-ақын Иса Байзақов, атақты әнші Әміре Қашаубавпен бірге ән шырқаған.
Майраның әншілік өнерін халыққа насихаттау мақсатында 2001 жылдың 30 қаңтарында Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музей-үйі ашылған. XX ғасырдың басындағы белгілі көпес Абдул Фатах Рамазановтың 1900 жылы салынған ғимараты архитектуралық ескерткіш ретінде саналады. Бұл жерде оның қолданған жеке заттары сақталған. Соның бірі – қолмен тігілген шымылдық ілінген жиналмалы темір кереует.
Музей-үйінің басшысы Ерлан Рахимовтың айтуынша, заманауи жиналмалы төсек-орынға ұқсас кереует ХХ ғасырда Ресейде темірден жасалған. Ұзындығы – 181 см, ені – 73 см, биіктігі – 38 см. Экспонат Успен ауданына экспедиция барысында Павловка ауылының тұрғыны Базарбай Біржановтан экспозиция үшін алынған.
Халық арасында осы төсек-орынға тұрмысқа шықпаған қыз отырса, отбасын құрады деген ырым қалыптасқан.
– Бұл өзі қызық жағдай болды. Мен басында мән бермеген едім, бірақ сондай оқиғаларға талай көзім жетті. Бірде демалыс күні жұмыста отырған едім, ешкім жоқ. Кенеттен есік ашылды да әйел адам кірген сияқты болды. Енді қарасам, әлгі жерде бір келіншек тұр. Амандасқаннан кейін мұнда үнемі келіп тұратынын айтты, – дейді Ерлан Рахимов.
Музей-үйі басшысының айтуынша, жасы отыздан асқан әйел біраз уақытқа жоқ болып кетіп, кейін келгенінде сол жылдың күзінде тұрмысқа шыққанын айтқан.
– Содан бірден әріптесіміздің Таразда тұратын құрбысы шын ниетпен әдейі осында келіп, кереуетке отырған. Ол кезде сөз салған жігіті де болмаған. Артынан төрт-бес айдан соң тұрмыс құрғанын естідік. Міне, сондай қызықты жағдайлар болған, – деп еске алады Ерлан Рахимов.
Майра Шамсутдинова композиторлық таланты мен орындаушылық қабілеті зор феномен болған. Тамаша вокал, төмен және әдемі контральто, дауысының кең ауқымы оған классикалық, халық әндерін, замандастарының туындыларын және жеке туындыларын орындауға мүмкіндік берген.
Еске сала кетейік, композитор Майра Шамсутдинованың 135 жылдығына орай өңірдің мәдениет мекемелерінде атақты жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шаралар легі басталып кеткен.