Павлодар облысының әкімі үш жылда қалалардағы аулаларды 100% абаттандыруды тапсырды
Биыл 5 млрд теңгеге жуық қаржыға 113 аула абаттандырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдікте өткен жиында өңірлік энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов облыста барылығы 1015 аула бар екенін атап өтті.
- Оның ішінде бүгінгі 438 аула немесе 43% абаттандырылған. Азаматтардың өтіншітеріне талдау өткізе отырып, 2023 жылы облыс қалаларында 4,9 миллиард теңгеге 113 ауланы абаттандыру жоспарланған. Жобалар шеңберінде балалардың ойын, спорт алаңдарын орнату, жарықтандыру және асфальттау көзделген. Жобаларды іске асырғанда аулаларды абаттандыру деңгейі 54% құрайды, - деді Ержан Салханов.
Облыс әкімі Асайын Байханов басқарма басшысына қалалардың әкімдерімен бірлесіп, аулаларды толық абаттандыру мәселесін шешуді тапсырды.
- Биыл 113, келесі жылы 150, одан кейінгі жылға қалғанын кіргізіп жоспарды бекіту. 2023 жылды қоса алғанда 2024 және 2025 жылдары абаттандырылған аулалардың санын 100 пайызға жеткізіңіз, - деді Асайын Байханов.
Сондай-ақ аймақ басшысы шағын аудандарда демалыс орындарын ұйымдастыруды, яғни шағын саябақтар салуды қолға алуды тапсырды.
Ержан Салханов әкімдіктер аулаларды абаттандыру жобасын әзірлеу кезінде ауланы бірнеше аумаққа бөлуді ұмытпауды ескертті.
- Тұжырымдама бойынша әртүрлі адамдардың тобына байланысты аулалар бірнеше алаңға бөлінуі тиіс. Бұл спорттық алаң, балалардың ойын алаңы, егде жастағы адамдардың демалуына арналған алаңдар, - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, облыс қалаларында 55 воркаут алаңы, 53 стритбол, 22 шағын футбол алаңдарын салу жоспарланған.
Ал, облыс орталығында биыл 10 саябақта ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 10 учаскеде тротуарлар салынып, субұрқақ жөнделеді.
Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыповтың айтуынша, қалада биыл 140 ауланың ішкі аумағында асфальт төселіп, асфальтталған аулалардың саны 100% құрайды.
Фото: ашық дереккөздерден