«Таза Қазақстан»: Абаттандырудағы абайсыздықтар павлодарлық полицейлердің назарында

«Таза Қазақстан»: Абаттандырудағы абайсыздықтар павлодарлық полицейлердің назарында
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар қалдықтарды заңсыз шығарудың жолын кесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде жүргізіліп жатқан ауқымды республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында полиция заңсыз қоқыс орындарын анықтау бойынша күшейтілген рейдтерге кірісті. Құқық қорғау органдары тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз төгудің алдын алу үшін аумақтарды патрульдеуде.

Тәртіп сақшылары «Газель» маркалы автокөліктердің үш жүргізушісін ұстады. Олар құрылыс қалдықтарын карьерге төгіп, абаттандыру ережелерін өрескел бұзған.

— Рейдтік іс-шара барысында біз абаттандыру ережелерін өрескел бұзу дерегін анықтадық. Бұл әрекеттерге қолданыстағы заңнамаға сәйкес жол берілмейді. Барлық материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін экология департаментіне жолданды, — деді полиця департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасарының міндетін атқарушы Мақсат Сарин.

Мұндай тексерістер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Олардың мақсаты — тек құқық бұзушыларды жазалау ғана емес, сонымен қатар тұрғындар арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді.

Полицейлер рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жасау экологияға және азаматтардың денсаулығына елеулі зиян келтіретінін, ал заңнаманы бұзғаны үшін қатаң әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.