Екібастұзда білім беру үдерісінің трансформациялау мәселелері талқыға салынды
Республиканың 17 өңірінен келген білім беру мекемелерінің үздіктері бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласындағы «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешені базасында «Үздік дәстүрлерден - болашақ технологияларға» атты әлеуметтік-педагогикалық бағыттағы қосымша білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтарының Республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, кездесуге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, жергілікті атқарушы органдар, республиканың 17 өңірінен келген білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтары қатысты. Іс-шара интерактивті event-кездесу форматында басталып,қатысушылар «Қайнар» кешенінің бірегей жобалары мен қосымша білім берудің үздік тәжірибелерімен танысқан практикалық алаңдарды қамтыды.
Олар білім беру жүйесін дамыту, заманауи технологиялар мен жаңа талаптарды ескере отырып, білім беру үдерісін трансформациялау, балалар бастамаларын енгізу және оларды қоғамдық қызметке белсенді тарту мәселелерін қарастырды.
– Мектеп оқушылары арасында ұлттық ойындарды насихаттап, мәдени мұраны сақтауға бағытталған «Көшпенділер ойындары» ұлттық ойындар клубының презентациясы қатысушылардың ерекше қызығушылығын туғызды, – делінді басқармада.
Сонымен қатар, білім беру үдерісі мен әдістемелік жұмысқа арналған болашақ технологиялары ұсынылған «Білім берудегі жасанды интеллект: Әдістемелік жұмысқа жаңа көзқарас» атты интерактивті воркшоп, ата-аналар мен балалар арасындағы байланыс пен отбасылық құндылықтарды нығайту тәжірибелерін көрсеткен «Жанұя» отбасылық тілдесу клубының флеш-презентациясы, мультфильмдерді мемлекеттік тілде дубляждау арқылы балаларды қазақ тілі мен мәдениетіне қызықтыруды мақсат еткен «Ұлттық колорит» балалар дубляж студиясының жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ, «ЗЮВС» туристік клубының көрсетілімдері және білім беру үдерісіне болашақ технологияларын енгізудің үлгісі ретінде RoboHackathon.kids жобасына қатысқан жас бағдарламашылардың жетістіктері ұсынылды.