Жас жұбайларды айналып дрифт жасаған ақсулық жүргізуші жауапқа тартылды
Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ақсу қаласында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз жүрген BMW автокөлігінің жүргізушісі бірнеше жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды. Кадрларда BMW жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневрлер жасағаны байқалды. Жүргізушіге авариялық жағдай туғызғаны, жолаушыларды тасымалдау және қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзғаны, көлік құралын пайдалану ережелерін сақтамағаны, сондай-ақ маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін бірнеше әкімшілік хаттама толтырды, – деді департаментте.
Полиция жолдағы кез келген қауіпті маневр, соның ішінде дрифт жасау, күрт қайта қатарға тұру және басқа да қауіпті әрекеттер жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін ескертіп, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң ұстануға шақырады.