Майқайың кенішіндегі апат: Автобус табылды
Іздестіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде кеше кешкісін қазба жұмыстары кезінде құтқарушылардың автобусы табылды. Ауа райының қолайсыздығы – жаңбыр мен жел және топырақтың құлау қаупінің сақталуына байланысты жұмыстар аса сақтықпен жүргізілуде.
Бүгін таңғы сағат 05.00-ден бастап іздестіру жұмыстары қайта жанданды. Қазіргі уақытта көліктің алдыңғы бөлігіне дейін жету мүмкін болып, бампері мен доңғалағы көрінді.
– 55 жастағы төртінші құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. Жақын арада іздестіру жұмыстары нәтиже береді деген үміттеміз, – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, 19 шілдеде құтқарушы Айдос Шаймерденнің денесі табылып, Майқайыңда жаназасы шығарылды. Асайын Байханов жаназаға қатысып, марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі денесі әлі табылмаған автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің отбасына барды.
4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайың-алтын» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды. ТЖД құтқарушылары құмнан қаза тапқан екі адамның денесін тапты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич.