Павлодар облысында екі мыңға жуық үй құсы қырылып қалды

Карантин әлі жарияланбады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
3 қыркүйектен 1 қазанға дейін бес ауданның жеті елді мекенінде тауық, үйрек, қаз бен күркетауықтардың жаппай қырылуы тіркелді – жалпы саны 1 713 бас. Атап айтқанда, Тереңкөл ауданында – 863, Ақтоғай ауданында – 57, Шарбақты ауданында – 442, Железин ауданында – 311, Ертіс ауданында – 40 үй құсының өлім-жітімі тіркелді.
Құстардың алғашқы қырылу дерегі Тереңкөл ауданында анықталды. Бүгінде Жаңақұрылыс, Қоржынкөл, Алтай, Орловка, Шілікті, Жаңа жұлдыз, Северный ауылдарында қырылған құстардан сынамалар алынып, жоғары патогенді құс тұмауы, Ньюкасл ауруы, пастереллёз және сальмонеллёзге зерттеу үшін Астана қаласындағы Ұлттық референттік ветеринариялық орталыққа жіберілді. Зерттеу қорытындылары келесі аптада белгілі болады.
Клиникалық тексеріс кезінде байқалған белгілер арасында үй құстары жүрісінің бұзылуы, жемнен бас тарту, басты шалқайту, іш өту, айдаршаның көгеруі, ұйқышылдық байқалды.
– Жоғары патогенді құс тұмауы диагнозы расталған жағдайда карантин енгізіледі. Қауіпті аймақтағы өлекселер, ауырған, шартты түрде сау және сау құстар өртеліп жойылады. Ластанған орындар дезинфекцияланады. Карантин соңғы құс жойылып, қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен 21 күн өткен соң алынады, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Бейсенов.
Қауіпті аймақтан құс пен құс өнімдерін шығаруға тыйым салынады, карантиндік бекеттер орнатылады, қажет болған жағдайда жануарлардың қозғалысына шектеу қойылады.
Сондай-ақ, жойылған құстар үшін иелеріне залал өтеледі. Төлемдер республикалық қарсыэпизоотиялық отряд арқылы жүргізіледі. Ауылдағы ветеринариялық пункттен қосымша хабарды алуға болады.
Айта кетейік, 1 қазандағы жағдай бойынша өңірде 1 577 323 құс бар, оның ішінде азаматтардың жеке тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығында 289 693 бар. Биыл облысқа 208 100 доза инактивтелген вакцина жеткізілді. Вакцинация тамыз айында аяқталды.