Павлодарда КамАЗ жүргізушісі бетон қалдығын заңсыз төккені үшін айыппұл төлейді
Полицейлер бөтен кәсіпорын аумағына құрылыс қалдықтарын төгіп кеткен жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ЖШС-нің бірінің жүргізушісі КамАЗ бетон араластырғыш көлігімен тапсырысты орындағаннан кейін қалған бетон қоспасын басқа ұйымның аумағына төгіп кеткен.
– Полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтап, абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Ведомствоның мәліметінше, биыл өңірде абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 6247 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Құрылыс қоспаларының қалдықтары мен өзге де қоқыстар арнайы белгіленген орындарға шығарылып, тиісті тәртіппен жойылуы тиіс. Оларды кез келген аумаққа төгуге жол берілмейді.