«Жетісу» батып барады, «Ертіс» қайта қалқып шыға ма?

«Жетісу» батып барады, «Ертіс» қайта қалқып шыға ма?
Фото: Ольга Бугаева

Қазақстан Премьер-лигасында кезекті турдың уақыты келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әсіресе турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі командалар үшін әр ұпайдың құны арта түсті. Біздің назарымыздағы негізгі матч — Талдықорғандағы «Жетісу» мен Павлодардың «Ертіс» арасындағы кездесу. Ойын 5 қыркүйекте сағат 18:00-де басталады. Кездесуді KFF League YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады. 

24-турдан кейін екі команда турнир кестесінде орын алмастырды. «Ертіс» өз алаңында «Ақтөбені» 2:1 есебімен жеңіп, күтпеген жерден маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Павлодарлықтар камбэк жасап, жеңісті жұлып алды. Осыдан кейін «Ертіс» 20 ұпаймен 13-орынға көтерілді. Ал 19 ұпайы бар «Жетісу» соңғы, 16-орынға түсіп қалды. 

Талдықорғандықтар үшін жағдай барған сайын қиындап барады. «Жетісу» төмен сырғып келеді. Оның үстіне клуб төңірегіндегі ахуал да оңай емес. Нәтижелердің төмендеуі, жағымсыз ақпараттардың көбейе түсуі командаға психологиялық тұрғыдан әсер етпей қоймайды. Дегенмен, «Жетісуды» үмітсіз команда деуге болмайды. Құрамына қарасақ та, алаңдағы ойынына назар аударсақ та, талдықорғандықтардың әлеуеті бар. Мәселе — сол мүмкіндікті нәтижеге айналдыруда.

Ал «Ертістің» көңіл күйі мүлде бөлек. «Ақтөбені» жеңу павлодарлықтар үшін жай ғана үш ұпай емес. Бұл жеңіс командаға сенім қосып, турнирлік жағдайын біршама жақсартуға мүмкіндік берді. Ендігі міндет — сол нәтижені кездейсоқ жетістік болмағанын дәлелдеу. Талдықорғандағы матч — «Ертіс» үшін табысты бекітіп, төменгі аймақтан тағы да алыстауға тамаша мүмкіндік. Бірақ павлодарлықтар үшін бұл ойында босаңсуға болмайды. Себебі «Жетісуға» ұпай ауадай қажет. Ал тығырыққа тірелген команда кез келген қарсыласқа қиындық тудыруы мүмкін.

Біздіңше, 25-турдағы ең қызықты матчтардың бірі 6 қыркүйекте Астанада өтеді. Онда жергілікті «Астана» семейлік «Елімайды» қабылдайды. Ойын сағат 18:00-де басталады, тікелей эфир KFF League YouTube арнасында көрсетіледі. 

«Астана» соңғы уақытта барған сайын сенімді ойнап жүр. Елордалықтардың өздері де қарқын алды, Бауыржан Исламхан да бабына келе бастады. Қазір «Астана» футболшылары алаңда концерт қойып жүргендей әсер қалдырады — олардың ойынын тамашалаудың өзі ләззат. 24-турда елордалықтар «Атырауды» 3:2 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі үшінші орынға қайта көтерілді. 

Ал «Елімайдың» бойындағы бұрынғы оттың басылғаны байқалады. Андрей Карповичтің командасында ойыншылардың сапасы бар, құрам да жаман емес. Бірақ дәл қазір көшбасшының энергиясы, команданы алға сүйрейтін ішкі серпін жетіспейтіндей. Бәлкім, мәселе дәл сол пассионарлықтың азаюында шығар. Құрам жақсы болғанымен, оны бір мақсатқа жұмылдырып, қиын сәтте алға сүйреп шығатын фактор әзірге байқалмайды.

Сондықтан «Астана» — «Елімай» кездесуі қағаз жүзіндегіден де қызықты болуы мүмкін. Бір жағында — бабына кірген, ойыны жүріп тұрған команда. Екінші жағында — әлеуеті жоғары, бірақ бұрынғы қарқынын жоғалтып алған ұжым.

Ал әзірге назарды Талдықорғанға бұрайық. Жер иелері үшін — тығырықтан шығудың мүмкіндігі. Павлодарлықтар үшін — «Ақтөбеге» қарсы жеңістің кездейсоқ болмағанын дәлелдеп, төменгі аймақтан одан әрі алыстаудың тамаша мүмкіндігі.