«Ертіс» жаңа ойыншылармен толығуын жалғастыруда

«Ертіс» жаңа ойыншылармен толығуын жалғастыруда
Фото: «Ертіс» ФК

25 шілдеде «Ертіс» Жезқазғанда «Ұлытаумен» кездеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардың «Ертісі» жазғы трансфер кезеңінде құрамын жаңартуды жалғастырып жатыр. Клуб ресми түрде Зикрилло Сұлтаниязовты, 32 жастағы сербиялық шабуылшы Деян Видичті, сербиялық қорғаушы Марко Евтичті (ол дебютінде өз қақпасына гол соғып үлгерді), украиналық қақпашы Богдан Сарнавскийді, «Каспийден» келген Дархан Бердібек пен Давид Есімбековті, сондай-ақ Германияның төменгі лигасындағы «ТСВ Аубштадт» клубынан канадалық шабуылшы Олувабори Фалайені қатарға қосты.

Клубтың Instagram парақшасында жарияланған фотосуреттерге қарағанда, команданың жаттығуында тағы бір әлеуетті жаңа ойыншы – Демият Сламбеков жүр. Оның трансфері рәсімделсе, «Ертіс» пен «Ұлытау» арасындағы кадрлық байланыс та айқындала түспек. Бұған дейін дәл осындай ойыншылар алмасуы «Каспиймен» қалыптасқан еді.

Алайда футболшылардың мұндай тұрақты «айналымы» әзірге жүйелі нәтиже беріп отыр деу қиын. Осы тұста жергілікті тәрбиеленушілердің жағдайы көңіл көншітпейді. Мәселен, 22 жасқа енді ғана толған Вячеслав Раскатов биылғы маусымда бар болғаны екі матчта алты минут қана алаңға шыққан. Өз академиясының ойыншылары қосалқы құрамнан аса алмай жүргенде, шексіз трансферлік ізденістердің тиімділігі де заңды түрде сұрақ туғызады.

25 шілдеде «Ертіс» Жезқазғанда «Ұлытаумен» кездеседі. Матч сағат 17:00-де басталады. Павлодарлықтар бұл ойында қала күні қарсаңында жанкүйерлеріне жеңіс сыйлауға тырысады.

Ал Қазақстан Премьер-лигасының 19-турындағы басты оқиға 26 шілдеде өтетін «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы кездесу болмақ. Турдың «алтын матчында» чемпиондыққа басты үміткерлер өзара күш сынасып, турнирлік кестедегі жағдайға тікелей әсер ететін маңызды ұпайларды сарапқа салады.