Қазақ күресі: Павлодарда еліміздің ең мықты балуандары жиналды
Рейтингтік турнирге 18 жастан жоғары 120 спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда қазақ күресінен ересектер арасындағы Махмет Қайырбаевты еске алуға арналған «Дала қырандары» республикалық турнирінің іріктеу жарысы өтті.
Жарысқа Астана қаласы, Жетісу, Абай облысы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай облысы, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар облыстарынан және Армия орталығынан 11 командада 18 жастан жоғары 120 спортшы қатысты. Олардың 90-ы ерлер, ал 30-ы әйелдер.
Бірінші күні 84, 90, 100 және + жүз ауыр салмақтағы балуандар бақ сынасып, 84 келіде Қарағанды облысының балуаны, 90 келіде Тараз қаласының, 100 келіде Жамбыл облысының, плюс 100 келіде Абай облысының балуаны жеңімпаз атанды. Әйелдер арасында 65 келіде Абай, 70 және 77 келіде Павлодар және + 77 келіде Жамбыл облысының балуандары жеңіске жетті, – деді жарыстың бас төрешісі Серікбол Жетпісұлы.
Әйелдер арасында 77 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын иеленген Павлодар педагогикалық университетінің екінші курс студенті Әсел Манап күрес спортымен бірінші сыныптан бастап айналысуда.
– Барлық облыстардан келген балуандардың дайындығы мықты. Мен Жамбыл және Абай облыстарының балуандарымен күрестім. Алда іріктеу жарыстар өте көп. Барлығына барып, бақ сынасып, жақсы көрсеткіш көрсетуге дайындығым өте жақсы, – деді спортшы.
Турнирдің екінші күні кіші салмақта – 55, 60, 66 және 74 келіде ер балалар, 48, 52, 56, 64 келіде қыздар жекпе- жекке түсті.
55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қызылорда облысынан арнайы келген Руслан Теміржан бірінші белдесуінде қостанайлық балуанды аяқтан шалып, қырқа әдісімен ұтты.
– Өткізіліп жатқан рейтингтік турнирлерден қалмай қатысып жүрмін. Алдыңғы жылы Павлодардан екінші орынмен қайтқанмын. Биыл чемпион боламын деген үмітпен келіп тұрмын. Алдағы мақсатым – Азия чемпионы, әлем чемпионы. «Дала қыраны» республикалық турниріне де қызу дайындалып жатырмын.
Айта кетейік, «Дала қырандары» республикалық турнирінің іріктеу жарыстары әр облыстарда ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, Алматы қаласында Қазақстан кубогы, ересектер арасында Павлодарда, одан кейін Атырау, Қостанай және Петропавлда турнирлер өткізіледі. Ең соңғысы – Қазақстан чемпионаты. Осы алты жарыстан ең көп ұпай жинаған сегіз балуан «Дала қырандары» республикалық турниріне қатысады.
Турнирдің мақсаты – сегіз салмақ дәрежесінде еліміздің ең үздік балуандарын анықтау. Жеңімпаз атанған спортшылар «Дала қыраны» титулының иегері атанып, өз салмағының «Бас балуаны» атағына ие болады.
Аталмыш турнирдің жүлде қоры – 4,5 миллион теңге.