ҚР Үкіметі Павлодар облысындағы жылу желілерін салуға 9 миллиард теңге бөлді

ҚР Үкіметі Павлодар облысындағы жылу желілерін салуға 9 миллиард теңге бөлді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларындағы желілердің орташа тозу көрсеткіші 59-90%-ды құрайды. 

– Мемлекет басшысының тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға және реконструкциялауға Үкімет резервінен 9 миллиард теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды,– делінген хабарламада. 

Осылайша, Павлодарда 3,6 миллиард теңгеге ұзындығы 2,5 шақырым болатын ТМ-13 жылу магистралі салынады. Бұл 41,5 мың адам тұратын Павлов – Шевченко – Катаев көшелері орналасқан аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Екібастұзда 3,6 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы шамамен 4 шақырым болатын ТМ-1 және ТМ-3 жылу магистральдарының учаскелері реконструкцияланады. Осы жұмыстың арқасында жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік мекемелерді, шағын және орта бизнес нысандарын қосу көзделген. Бұл 2 мыңнан астам адамды қамтиды.

Қалған 1,8 миллиард теңге Ақсудағы №3, 5 және 8 ықшам аудандарда орналасқан, ұзындығы 4,3 шақырым болатын орамішілік жылу желілерін қайта жаңартуға аударылады. Соңғы 2 жылда аталған учаскелерде 40-тан астам ақау тіркелген. Реконструкция жұмысы 1,5 мыңнан астам жергілікті тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Павлодар облысы әкімдігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда Павлодарда жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 828,1 км (орташа тозу – 82,8%), Екібастұзда – 422,5 км (90,7%), Ақсуда – 99,1 км (59%) құрайды. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша шұғыл жұмыстар жүргізілуі тиіс, тозу деңгейі аса жоғары 4 учаске анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов бұған дейін Екібастұз ЖЭО-сын одан әрі жаңғыртуға: қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуге және тұндырылған су магистралін салуға резервтен 3,4 миллиард теңге бөлу туралы Үкімет қаулысына қол қойған болатын.