Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында мергендер қазақстандық жебелерді қолданады
Осыған дейін ұлттық құрама құрал-жабдықтардың басым бөлігіне Түркия, Мажарстан, Ресейден тапсырыс беретін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, дәстүрлі садақ атудан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын 10 спортшы қорғайды. Ұлттық құраманың мүшелері де дайындық барысында отандық өнімді пайдаланып, жаттығуларын пысықтап жатыр.
– Осы уақытқа дейін ұлттық құрама құрал-жабдықтардың басым бөлігін Түркия, Мажарстан, Ресейден тапсырыс беріп алдыртатын. Кейінгі жылдары еліміздегі өндіріс те жолға қойыла бастады. Алдағы Көшпенділер ойынына отандық өнім «Алтын жебе» атты цехтың шығарған оқтарын қолданамыз. Сол үшін халықаралық стандарттарға сай жасалған 2000-нан аса оқ дайындап қойдық, – дейді дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ербол Тапенов.
Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, садақ ату спорт түрі бойынша елімізге 35 мемлекеттен 200-ден аса спортшы келеді.
Естеріңізге сала кетейік, ұлттық құраманың мүшесі Марат Бексұлтанұлы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындығы туралы айтып, басты қарсыластарды атап өтті.