Қазақстан сот төрелігіндегі цифрлық көшбасшы: Дубай жоғары бағалады
Конференцияға әлемнің 80-нен астам елінен сот жүйесінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Жоғарғы сотының баспасөз орталығының мәліметінше, 17–19 қараша аралығында Дубайда «Сот әкімшілігінің жаһандық перспективалары» тақырыбына арналған Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IASA) жыл сайынғы конференциясы өтті.
– Форумға әлемнің 80-нен астам елінен сот жүйесінің өкілдері қатысып, сот әкімшілігінің тиімділігін арттыру, инновацияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, – делінген хабарламада.
Қазақстандық делегацияны Жоғарғы сот төрағасы Асланбек Мерғалиев және Сот әкімшілігінің басшысы – ХСӘҚ вице-президенті Наиль Ахметзакиров басқарды.
– Конференцияда сот жүйесін цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын қолданудағы Қазақстанның тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Делегацияға цифрлық қызметтер, процестерді автоматтандыру және сот талқылауларының тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдерді таныстыру үшін жеке сессия ұсынылды. Таныстырылым қатысушылардың зор қызығушылығын тудырды. Әртүрлі елдердің өкілдері Қазақстанның сот жүйесін жаңғыртудағы айтарлықтай жетістіктерін атап өтті, – деп мәлімдеді Жоғарғы соттың баспасөз орталығы.
IASA президенті Памела Харрис Қазақстанның цифрлық трансформациядағы жұмысына жоғары баға беріп, еліміздің инновацияларға ашықтығын және халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның тәжірибесі көптеген елдер үшін үлгі бола алады.
Конференция барысында басқа мемлекеттердің сот органдарының өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп, өзекті реформалар, цифрлық қызметтерді енгізу, жасанды интеллектті пайдалану және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолдары талқыланды. Сонымен қатар, Дубай халықаралық қаржы орталығы (DIFC Courts) және Дубай Әмірлігі соттарының басшылығымен екіжақты кездесулер өтті. Тараптар өзара іс-қимыл мен кәсіби алмасуды дамытуға дайын екенін білдіріп, IT-технологияларды қолдану, сот қызметін ұйымдастыру және істерді қараудың заманауи форматтарын енгізу бойынша тәжірибе алмасты.
Ведомствоның хабарлауынша, сапар барысында қазақстандық делегация DIFC соттары мен Дубай Әмірлігінің соттарында болып, бұл құрылымдардың жұмыс ұйымдастыру тәжірибесін, цифрлық инфрақұрылым ерекшеліктерін және сот талқылауларының заманауи форматтарын енгізу әдістерін зерделеді. Қазақстанның ХСӘҚ конференциясына қатысуы халықаралық қоғамдастықтың елімізде жүргізіліп жатқан сот реформаларына жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетті және шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты нығайта түсті.