Павлодарлықтар танымал композитордың тың шығармаларын тыңдайтын болады
И.Байзақов атындағы облыстық филармонияда Мұхит Мұлқаразовтың шығармашылық кеші өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
26 қараша күні сағат 19:00-де облыстық филармонияның сахнасында Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, композитор Мұхит Мұлқаразовтың «Менің жан сезімім» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылады.
Кеш барысында автордың әртүрлі аспаптық туындылары мен тың жаңа әндері көрерменге ұсынылады. Бағдарлама аясында Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, музыкалық колледждің үрлемелі аспаптар оркестрі, балалар хоры, скрипкашылар мен қобызшылар ансамбльдері өнер көрсетеді.
Сондай-ақ, кештің арнайы қонақтары ретінде елімізге танымал әншілер – Ғайни Жұмашева, Нұржан Сарқамбаев, Серік Рысбек, Мадияр Бахтияров, Әділет Сейтов, Әділ Төлеген, Райхана Оқтаубаева, сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Жасұлан Түрегелді, Рахымжан Жұмашев, Рахат Құрбан қатысады.
Ұйымдастырушылар барша өнер сүйер қауымды рухани кештің куәсі болуға шақырып, шабытты сәттерді бірге бөлісуге үндейді.