Қазақстанда «Инвестицияға тапсырыс» жаңа мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды
Бағдарлама ішкі сұранысы жоғары, импорт үлесі көп тауарларды елімізде өндіретін шағын, орта және ірі бизнес жобаларды қолдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл бағдарлама елдегі негізгі өнімдер бойынша тапшылықты жойып қана қоймай, экспортқа бағытталған жаңа өндірістерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекет импортты алмастыруға және экспорттық әлеуеті жоғары басым салаларды айқындаса, өңірлер нақты жобаларды әзірлеп, инвесторлармен жұмыс жүргізеді. Жобалар «Бәйтерек» холдингі арқылы сарапталып, олардың тиімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етіледі.
Министрлік әр өңірдің сүт, ет, көкөніс, қант, картоп өнімдері бойынша қамтылуын, импортқа тәуелділік деңгейін және өңдеу кәсіпорындарының мүмкіндіктерін кешенді талдаудан өткізді. Осы деректер негізінде әкімдіктерге нақты салаларға инвесторлар тарту тапсырылды.
Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Павлодар облыстарында және Шымкентте 310 мың тонна дайын өнім шығаратын 10 жоба іске аспақ. Жалпы инвестиция – 67,6 миллиард теңге. Ең ірі жоба – Иранның Solico Group компаниясы. Олар Алматы облысында жылына екі жүз мың тонна ірімшік өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр
Сондай-ақ Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңа қант жобалары іске асады. Алматы облысындағы QAZAQARABSUGAR жобасының құны – 247 миллиард теңге, қуаты – 500 мың тонна.
Ағымдағы жылы елде 27 миллион тонна астық жиналып, рекорд жаңартылды. Осыған байланысты Қытайдың Dalian Holding компаниясы Ақмола облысында жылына үш миллион тонна астық өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда.
Министрдің айтуынша, барлық жобалар ерекше бақылауда болады, өңірлермен және бизнес өкілдерімен жұмыс күшейтіледі. Мақсат – әр жобаның қаржылық тұрақтылығын, технологиялық дұрыстығын және ел экономикасына тиімділігін қамтамасыз ету.