Ерлан Қарин: Ішкі саясат – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі

Ерлан Қарин: Ішкі саясат – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі «Egemen Qazaqstan» газетінде мақаласын жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мемлекет басшысы 5 қараша күні «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – тарихи маңызы бар құжат. Себебі бұрын-соңды елімізде ішкі саясаттың идеологиялық бағыты мен ұйымдастырушылық аясын анықтайтын жүйелі, біртұтас акт болған емес.

Тарихи тұжырымдама

Тұжырымдамалық құжаттың қажет екені біраз уақыттан бері айтылып келді. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында да сарапшылар мен қаты­су­шы­лар осы мәселеге айрықша назар аудар­ды. Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшім­баев, Марат Шибұтов және басқалар құжатты әзірлеу уақыт талабы екенін тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы бастаманы қолдап, Президент Әкімшілігіне аталған мәселені жан-жақты зерттеп-зерделеуді тапсырды.

Ішкі саясат – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі. Тәуелсіздік алғалы елімізде әр кезеңде ішкі саясаттың басымдықтарына орай түрлі құжаттар, бағдарламалар қабылданды. Бірақ бұл құжаттарда саланың қағидаттары мен құндылықтары, мақсаттары мен бағыттары біртұтас жүйе ретінде көрсетілмеген еді. Керісінше, кейде бір-біріне қайшы келетін нормалар кездесетін. Енді, міне, мемлекеттік деңгейде алғаш рет ішкі саясат ұғымы, оның мақсаттары мен міндеттері, бағыттары жүйелі түрде нақты айқындалып, бекітіліп отыр.

Белгілі сарапшылар мен Ұлттық құрылтай мүшелері, ғылыми қауымдас­тық өкілдері тұжырымдамалық құжат­ты жарты жылдан аса уақыт әзір­леді. Әсіресе, Еркін Әбіл, Ерлан Саиров, Айгүл Сәдуақасова, Берік Әбдіғалиұлы, Талғат Қалиев, Қарлығаш Жаманқұлова, Рауан Кенжеханұлы, Нұрбек Матжани, Александр Данилов, Ғазиза Әбішева бастаған азаматтар үлкен еңбек сіңірді.

Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қағидаттардың, жалпыұлт­тық құндылықтардың, ішкі саясаттың бас­ты бағыттары жүйеленді. Тұжырымдама жүргізіліп отырған қазіргі саясатты біртұтас дүниеге айналдырды. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланған материалдар оның қоғамда оң қабылданғанын көрсетіп отыр.

Кейінгі жылдары елімізде ауқымды сая­си реформалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік ап­па­ратқа жаңа адамдар келе бастады. Мәсе­лен, ауылдық округтердің әкімдері сайлануда. «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы іске қосылды. Жүйеде буын ал­масу үдерісі үздіксіз жүріп жатыр. Сон­дық­тан ішкі саясат тұжырымдамасы мем­лекеттік қызмет жүйесіне өзге салалардан келген басшылардың жаңа буынына көмекші құрал ретінде пайдалы болмақ.

Айрықша атап өтерлігі, құжатта еліміздің жалпыұлттық нышандары бекітілген. Мәселен, шаңырақ – ұлт­тық бірліктің, домбыра – ұлттық музы­калық аспаптың, Абайдың «Қара сөз­дері»  ұлттық кітаптың нышаны болып айқындалды. Бұл нышандар елімізге тән ерекшеліктерді тануға, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді.

Сыншылардың кейбірі «бұл құжатта жаңа идеология неге жоқ?» деген сыңайда пікір айтып жатты. Алайда тұжырымдама әу бастан мұндай мақсатты көздеген жоқ. Оның үстіне, біздегі саяси плюрализм, пікір алуандығы жағдайында бұл мүмкін емес. Құжаттың мәні – азаматтарымыз ұстанатын жалпыға ортақ қарапайым нормалар мен құндылықтарды бекіту. Яғни, қоғамдық құрылым күрделенген сайын әртүрлі көзқарастағы, әртүрлі ұстанымдағы адамдарды біріктіретін ортақ құндылықтарды айқындау.

Әдетте мұндай құжаттар қабылдан­ған­да ауқымды іс-шаралар жоспары мен бюджеті қомақты арнайы жобалар бірге бекітілетін. Бірақ қазіргі ұста­ным – басқа. Тұжырымдаманы дайын­дауда және бағдарламаны жүзеге асыруда қаржы талап ететін жобалар мен пиар-кампаниялар ұйымдастыру мақ­саты белгіленген жоқ. Құжат ең алдымен, тұжырымдамалық негіз қызметін ат­қарады. Ішкі саясатты жүйелі бас­қаруда анық бағдар, айқын жол сілтеуге бағытталған. Тағы да қайталап айтсақ, мақсат – саладағы жұмысты ортақ негізге жүйелеу. Сондықтан қазір қоғамдық наградалар, мектептегі тәрбие, еңбекқорлық, білім және жасампаздық құндылық­тарын біріздендіру басталып кетті. Бұл жұмыстың барлығы артық шығынсыз әрі формализмсіз атқарылып келеді. Ең алдымен, оның институционалдық негізіне басымдық берілді.