Қызып кеткен: Павлодарлық тұрғын жарамсыз плита үшін ақшасын қайтарып алды

Қызып кеткен: Павлодарлық тұрғын жарамсыз плита үшін ақшасын қайтарып алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тұрғын тауарды айырбастауды немесе қайтаруды талап еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ол 2023 жылғы 5 қарашада Павлодардағы  техникалық сауда үйінің бірінен Hansa электр плиткасын 239 990 теңгеге сатып алған. Тұтынушының айтуынша, жаңа плита қатты қызып кеткен. Алайда, қызмет көрсету орталығында мұндай температура қалыпты жағдай екенін және дүкенде қызмет көрсету орталығының актісіне сүйене отырып, қайтарудан бас тартқан. Осыдан кейін тұтынушы биыл ақпан айында Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. 

– Сапасыз тауар жаңа ұқсас тауарға, яғни пайдаланылмаған тауарға ауыстырылуы тиіс. Осыған байланысты павлодарлық тұрғын тауарды айырбастау немесе қайтаруды талап етуге қатысты шағым түсірді. Сауда үйі тұтынушының шағымына заңнамада белгіленген мерзімдерді бұза отырып жауап берді, сондай-ақ тауарды айырбастаудан және қайтарудан бас тартты, – деді департаментте. 

Ведомство өтініш негізінде жүргізген тексеру нәтижелері бойынша кәсіпкерлік субъектісі тұтынушының шағымына жауап беру мерзімдерін бұзғаны үшін 25 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, департаменттің ұсыныстары бойынша тұтынушы тауарды қайта диагностикалау үшін сатушыға жүгінді. Сатушы Алматы қаласындағы басқа ұйымда сараптама жүргізген. Сараптама нәтижелері бойынша зауыттық ақау анықталып, тұтынушыға 239 мың теңге сомасында ақшалай қаражат қайтарылды. 

Айта кетейік, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы құқықтар бұзылған жағдайда тұтынушыларға Е-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесіне жазу немесе (7182)551070 нөмірі бойынша сенім телефонына қоңырау шалу ұсынылады.