Павлодар облысында мұзды өткелдер ашылды
Биыл олардың саны артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұқаралық спорттық және мерекелік іс-шараларды және автокөлік өткелдерін ұйымдастыру үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы бір адам үшін кемінде 10 сантиметрді, ал көліктер үшін кемінде 25 сантиметрді құрау керек.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай мәлім етті.
– Өңірде 13 мұз өткелін ашу жоспарлануда. Бүгінде оның тоғызы ашылды. Тереңкөлдегі төрт өткел жергілікті атқару органдарының өкімімен келесі аптада ашылатын болады. Ауданда екі апта бұрын болған жылы ауа райының салдарынан мұздың беті еріп кеткендіктен, мұзды өткелдерді ашу уақытша тоқтатылған, – деді Темірлан Жапалбай.
Былтыр мұз өткелдерінің жалпы саны сегіз болған. Жыл сайынғы мониторинг барысында адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін жерлерде мұзды өткелдер жабдықталып, қосылады.
– Ағымдағы қысқы кезеңде Павлодар, Железин, Тереңкөл аудандарында тағы бес мұзды өткел жабдықталды. Негізінен бұл өткелдер ауылдық округтерде жем-шөп пен отын тасымалдау үшін пайдаланылады, – деді Темірлан Жапалбай.
Бүгінде Май ауданының Көктөбе мен Баскөл, Аққулы ауданындағы Ямышев, Ертіс ауданындағы Ертіс ауылында автокөлік үшін мұзды өткелдер ашық. Ал жаяу жүргіншілер мен ат үстінде жүретіндер үшін Павлодар ауданындағы Жаңақала, Железин ауданындағы Башмачное, Железин, Моисеевка ауылдарында мұзды өткелдер жабдықталды.