«Stop сталкинг» акциясы: Павлодар облысында екі ер адамға қылмыстық іс қозғалды

«Stop сталкинг» акциясы: Павлодар облысында екі ер адамға қылмыстық іс қозғалды
Фото: Константин Шелков

Қудалаудың алдын алуға бағытталған «Stop сталкинг» республикалық акциясы аясында Павлодар облысында сталкинг деректері бойынша екі ер адамға қатысты қылмыстық істер қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті хабарлағандай, алғашқы жағдай Ертіс ауданында тіркелді. Аудан орталығының тұрғыны полицияға бұрынғы жұбайының өзін жүйелі түрде қудалап, әлеуметтік желілер арқылы қайта-қайта хабарламалар жіберіп, еркінен тыс байланыс орнатуға тырысқанын хабарлаған. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Екінші оқиға Павлодар қаласында орын алған. Қала тұрғыны бұрынғы жігітінің бес жыл бойы мазасын алып, әлеуметтік желілерде қорлау және қорқыту сипатындағы хабарламалар жолдап келгенін мәлімдеді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция сталкинг – адамның еркінен тыс байланыс орнатуға немесе аңдуға бағытталған заңсыз қудалау әрекеті екенін еске салады. Азаматтарға қажет болған жағдайда қарым-қатынасты тоқтататынын нақты білдіру, барлық әрекеттерді тіркеу және дер кезінде құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.