Ақсу өңірінде жаңа спорт кешені ашылды

Ақсу өңірінде жаңа спорт кешені ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Нысанда қазір жүзден астам бала спортпен шұғылданып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласы әкімдігінің мәліметінше, Республика күні қарсаңында Евгеньевка ауылдық округіне қарасты Үштерек ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Жаңа нысанның құрылысына 441,1 миллион теңге жұмсалған. Тапсырыс беруші – Ақсу қаласының құрылыс бөлімі, бас мердігер – «Промжилстройкомплекс» ЖШС.

Ғимараттың жалпы ауданы 812,12 шаршы метрді құрайды. Мұнда 435,12 шаршы метрлік дене шынықтыру залы, 141,72 шаршы метрлік күрес залы және 32,5 шаршы метрлік теннис залы қарастырылған.

Қазір кешенде қазақ күресі мен дзюдо секциялары жұмыс істейді. Ұлттық күреске 58, ал дзюдоға 49 оқушы қатысады. Осылайша, спорттық үйірмелерге барлығы 107 бала қамтылған.

Алдағы уақытта қыздарға арналған «Бес асық» үйірмесін ашу жоспарланып отыр. Жаттықтырушымен келіссөз жүргізілген. Сондай-ақ тұрғындардың сұранысына қарай волейбол немесе баскетбол секциясын ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылуда.