Павлодарда Қамзин көшесіндегі жылдар бойғы су жиналу мәселесі шешілді
Қала әкімі Хасар Хабылбеков жаңа дренаж жүйесінің жұмысын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда көктемгі еріген қар мен жауын-шашын суларынан жиналатын су мәселесін шешу мақсатында Қамзин көшесі бойында жаңа дренаж жүйесі салынды. Бұл жұмыстар облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен жүзеге асырылды.
Шаһар басшысының айтуынша, жаңа инженерлік жүйе жылдар бойы тұрғындарды толғандырған су басу мәселесін түбегейлі шешеді.
– Қамзин көшесі бойында су канализациялық сорғы станциясына дейін ағатын дренаж құбыры төселді. Сонымен қатар үстіңгі сулардың қосымша ағысын қамтамасыз ететін арық жүйесі қалпына келтірілді. Малайсары батыр көшесінен бастап «Батыр Молл» сауда орталығы маңындағы жинақтау көліне дейінгі учаскеде дренажды-ливневтік жүйе құрылды, – деді Хасар Хабылбеков.
Сонымен қатар, Назарбаев даңғылы бойындағы Торайғыров көшесінен Естай көшесіне дейінгі нөсерлік коллекторлар тазартылды. Бұл жұмыстар қаладағы су ағымын жақсартып, жол жабындысының бүлінуін және көлік қозғалысына кедергіні азайтады.
2026 жылы қалада локалдық дренаж жүйелерін салу жұмыстары жалғасатын болады.