Павлодар облысында ет комбинатының инфрақұрылымына 100 миллион теңге бөлінді
Павлодар облысының прокуратурасы Ертіс ауданында құны 1 миллиард теңгеден асатын ет комбинатының құрылысын уақытында аяқтауға ықпал етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында салынып жатқан ет комбинатының құрылысы аяқталуға жақын. Алайда инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге қажетті қаржының уақытында бөлінбеуі инвестициялық жобаның мерзіміне қауіп төндірген.
Прокуратураның араласуынан кейін инженерлік инфрақұрылым салуға облыстық бюджеттен шамамен 100 миллион теңге бөлінді.
Қазір нысанда инженерлік желілерді тарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды қараша айында аяқтау жоспарланған.
Жол картасына сәйкес, ет комбинаты осы жылдың желтоқсан айында толық пайдалануға берілуі тиіс.
Жобаның іске қосылуы жаңа өндірістік қуаттарды қалыптастыруға, Ертіс ауданында ет өңдеу саласын дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.