Ақсуда электр жарығын сөндірмей, ақаулы изолятор ауыстырылды

Ақсуда электр жарығын сөндірмей, ақаулы изолятор ауыстырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл әдіс Ақсуда алғаш рет қолданылып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыстар 0,4 кВ әуе желісінде жүргізілді. Оны «Павлодарэнерго» АҚ құрамындағы Павлодар электр тарату компаниясының Ақсу электр желілері кәсіпорнының мамандары атқарды.

Мұндай әдіс Павлодар облысында 2024 жылдың қыркүйегінен бастап қолданыла бастады. Ақсуда ол алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Бұған дейін осындай жөндеу жұмыстары үшін тұрғындар кем дегенде төрт сағат бойы электр қуатынан ажыратылатын.

– Биыл Ақсудағы электр монтерлері Татарстан Республикасындағы оқу орталығында арнайы дайындықтан өтті. Заманауи әдісті енгізу үшін қажетті жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдары сатып алынды, – деді Ақсу электр желілерінің бас инженері Жаңылбек Мағауов.

Электр монтері Қайыргелді Асылбектің пікірінше, кернеу астында жұмыс істеуден қорқудың қажеті жоқ.

Жаңа тәсілдің арқасында тұтынушылар электр жарығынсыз қалмайды, ал мамандар ақауларды дер кезінде жоя алады.