Майқайың кенішінде табылған адамның кім екені белгілі болды

Майқайың кенішінде табылған адамның кім екені белгілі болды
Фотосурет Асайын Байхановтың telegram-парақшасынан алынды

Облыс әкімі Асайын Байханов марқұмның туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы өзінің telegram-парақшасында мәлімдегендей, бүгін «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде тұрақты негізде аздаған үзілістермен іздестіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде екі құтқарушының бірінің денесі табылды. Павлодар облысының ТЖД күшімен құтқарушының мүрдесі жер бетіне көтеріліп, жедел-тергеу тобына берілді.

Табылған жетон мен киімінен құтқарушылар взводы командирінің 36 жастағы орынбасары Айдос Шаймерденнің денесі табылғаны анықталды.

Облыс әкімі Айдостың ата-анасына, оның жұбайы Нұрсұлуға, сондай-ақ, туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Өздеріңіз білетіндей, орын алған апаттың бірінші күні екі құтқарушының – Сарқыт Берліқан мен Олег Тышкевичтің денелері табылған болатын. Енді туыстары Айдос Шаймерденді де жер қойнына тапсырып, дұға жасай алады. Марқұмға иман байлығын берсін, – деді Асайын Байханов.

55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. Іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, екі күн бұрын екі құтқарушыны іздестіру жұмыстары қайта жанданған болатын. Сканерлеу және автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін сканері бар «Алтыналмас» АҚ мамандары тартылды. Құтқарушының денесі 70 метр тереңдікте табылды.