Ақтоғай ауылында 24 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қараша айында басталып, өткен жылдың шілде айында толық аяқталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай ауданы экономика және сәулет бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Cекеновтің айтуынша, тұрғын үй облыстық және республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен салынған.
Жаңа үйдің жалпы ауданы 1800 шаршы метрді құрайды. Пәтерлер құрылымы әртүрлі: 12 бір бөлмелі, сегіз екі бөлмелі және төрт үш бөлмелі пәтер қарастырылған. Барлық пәтерлер қажетті электр және инженерлік коммуникациялармен толық қамтамасыз етілген.
Жаңа тұрғын үй «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы кезекте тұрған азаматтарға ұсынылды. Пәтерлер әлеуметтік осал топтарға, атап айтқанда көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және жетім балаларға кезек тәртібімен берілуде. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй қорындағы жалға берілетін пәтерлерді бес жылдан кейін жекешелендіруге, яғни тұрғындардың өз атына рәсімдеуіне мүмкіндік бар.
Кілттерді салтанатты түрде табыстау рәсіміне Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов арнайы қатысты.
– Мемлекет басшысы әлеуметтік баспанамен халықты қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті. Сол себепті біз соңғы үш жылда Ақтоғай ауданының 80-нен астам тұрғынына жаңа пәтер кілттерін табыстадық. Бүгін 24 пәтердің 22-сінің кілті иелеріне беріліп отыр. Көп жыл күткен тұрғындарға шыдамдылық танытқандары үшін алғысымды білдіремін. Бұл – соңғы жоба емес. Алдағы уақытта тағы бір көппәтерлі үй салынады. Сонымен қатар, жол салу және балаларға арналған ойын немесе спорт алаңдарын жабдықтау да жоспарымызда бар, – деді аймақ басшысы.
Ақтоғай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасұлан Хамзин жаңа баспаналардың ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Бұған дейін от жағып, су тасып келген, баспанаға мұқтаж азаматтар бүгінде заман талабына сай жабдықталған, орталық жылу жүйесіне қосылған жаңа үйлердің иесі атанып отыр. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қолдау. Халықты баспанамен қамту – әрдайым өзекті мәселе. Бүгінгі жаңа үйлер – сол жүйелі жұмыстың нәтижесі, – деді ол.
Айта кетейік, 2023 жылы да Ақтоғай ауылында дәл осындай 24 пәтерлі тұрғын үй салынған болатын.
Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 270 адам тұр. Оның ішінде 62-сі әлеуметтік осал топтарға жатады.