Павлодарлық студенттер мен ұстаздар пластик өндірісі әдісін ойлап тапты

Павлодарлық студенттер мен ұстаздар пластик өндірісі әдісін ойлап тапты
Фото: Константин Шелков

Олар бұл пластиктің құрамын білмегендіктен осындай іске барған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы «Техникалық және білім беру» атты тамыз кеңесінде «TROYA» ЖШС бас директоры Рафаэль Бразинский мәлім етті. 

- Біздің басты мәселеміз – кадр тапшылығы. Екі жылға жуық уақыт бойы облыстағы бірқатар ірі колледждердің әлеуметтік серіктесі болдық. Солардың бірі - химия-механикалық колледж.  Оқу орнында «Полимер өндірісінің технологиясы» бағдарламасы жасалып, жұмыс орындары ашылды. Бірақ біз өзіміз бұл пластикалық өнімнің құрамын білген жоқпыз. Сондықтан ұстаздар мен студенттер бұл рецепті өздері ойлап тапты. Біз үшін бұл - үлкен жетістік,- дейді Рафаэль Бразинский. 

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын сұранысқа ие кадрлардға қандай талаптар қойылатынын анықтап алу керектігі жайлы сөз қозғады.

- Колледждер мен кәсіпорындар арасында жасалған меморандумдар компания өкілдеріне қамқоршылық кеңеске кіруге, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын зертханалық құрал-жабдықтармен жабдықтауға, студенттерді өндірістік тәжірибеге қабылдауға мүмкіндік береді, - деді вице-министр.

Дуальды оқытуды енгізу оқушылар мен жұмыс берушілер арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді. 

Жиын барысында  Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Серік Жартыбаев кадрлар жайлы тілге тиек етті.

- Біз колледждерді   кәсіпорындардың санын көбейту, бизнес өкілдерін оқу үдерісіне белсенді тарту үшін меморандумдар мен келісімдер жасау жұмыстарын жалғастырудамыз, - дейді Серік Жартыбаев.

Департамент басшысының айтуынша, соңғы үш жылда кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі 95 мыңнан 133 мың орынға өскен.

Еске сала кетейік, бұл жиында Халықаралық бизнес академиясының колледж түлегі, 18 жастағы кәсіпкер, миллионер Зайдун Мұхамедали павлодарлық жастарға көмектесуге дайын екенін айтқан болатын.