Павлодар облысында сүт фермасында сиырларды сауыншы-роботтар сауады

Павлодар облысында сүт фермасында сиырларды сауыншы-роботтар сауады
Фото: mrhvost.com

Жаңа тауарлы сүт фермасы Успен ауданында ашылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың соңына дейін Ковалевка ауылында 500 басқа арналған шаруа қожалығын іске қосу жоспарлануда. Төрт жылға созылған құрылыс жобасы қазір аяқталуға жақын.

Жобаның басты ерекшелігі – сауыншы-роботтар мен жем таратқыш роботтар қолданылады. 

Сонымен қатар, Ақсу ауылдық аймағының Ребровка ауылында 1893 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынуда.

Осы жылы өңірде жұмыс істеп тұрған төрт шаруа қожалығы – 432 басқа арналған «Agro Trade PV» ЖШС, 349 басқа арналған «Галицкое», 900 басқа арналған «Үштерек және К» және 600 басқа арналған «Пахарь» шаруа қожалығы кеңейтілуде.

Үш ЖШС Еуропа елдерінен импортты аналық бас сиырлар әкелді. «Пахарь» ШҚ» ЖШС ағымдағы жылдың қараша айында малдарды әкеледі. Осы жобаларды жүзеге асыру сүт өндірісінің көлемін 37,4 мың тоннаға және асыл тұқымды сауын сиырларының мал басын 4,7 мың басқа арттырады.