Алюминий алыбы экологияны қалай қорғайтынын павлодарлық студенттерге көрсетті

Алюминий алыбы экологияны қалай қорғайтынын павлодарлық студенттерге көрсетті
Фото: Константин Шелков

Жас экологтар зауыттағы сүзгілердің аспанды қалай тазартатынын өз көздерімен көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінің студенттері үшін экскурсияны Экология департаменті ұйымдастырды, ал оны «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның бас экологы Мақсұт Жақыпов жүргізді. Ол болашақ мамандарға зауыттың жұмысы туралы жан-жақты баяндап, өндірістің барлық кезеңдерін аралатып көрсетті және заманауи экологиялық технологиялармен таныстырды.

Мақсұт Жақыповтың айтуынша, 2018 жылы, жаңа Экологиялық кодекс енгізілмей тұрып-ақ, Еуразиялық топ компанияларына экологиялық стратегия әзірлеу тапсырылған. Оның аясында қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған бірқатар техникалық шаралар көзделген.

– 2021 жылы қабылданған жаңа Экологиялық кодекс бойынша кәсіпорындар біртіндеп ең озық қолжетімді технологияларға көшуге міндеттелді. Мұндай технологиялар әлемде кеңінен қолданылады және өндірістің тиімділігін төмендетпей, экологиялық әсерді барынша азайтуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді бас эколог.

Ең алдымен бұл атмосфераға шығарылатын қатты заттардың мөлшерін азайтуға арналған сүзгілерді жаңғыртудан көрініс табады. Зауыттағы төрт ірі түтін мұржасының әрқайсысында екі күйдіру пеші бар. Бұрын оларда электр сүзгілері қолданылған, алайда олар қажетті деңгейдегі тазалауды әрдайым қамтамасыз ете бермейтін. Қазір бұл сүзгілер гибридті сүзгілерге ауыстырылуда. Енді шаңның бір бөлігі электродтарға түседі, ал қалғаны маталы құбыр арқылы тазартылады. 

– Нәтижесінде біз тек еуропалық экологиялық нормативтерге сай келіп қана қоймай, кей көрсеткіштер бойынша одан да жоғары нәтижеге жетіп отырмыз, – дейді Мақсұт Жақыпов. – Қазір үш пеш қайта жаңғыртылды, яғни алты сүзгі орнатылды. Қалғандарын 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен модернизациялау жоспарланған.

Экологиялық жұмыстың маңызды бағытының бірі – боксит шламын өңдеу және қайта пайдалану. Өндірістік қалдықтар жалпы аумағы 600 гектар болатын үш арнайы шламсақтағышта жиналады. Шламның құрамындағы кальций мөлшерінің көп болуының арқасында ол жол құрылысында қолдануға жарамды материал ретінде сертификатталған.

– Шламды пайдалану арқылы біз табиғи ресурстарды үнемдеп, құм-қиыршық тас қоспасы сияқты дәстүрлі материалдарды алмастыра аламыз, – дейді кәсіпорынның бас экологы.

Экскурсиядан ерекше әсер алған Торайғыров университетінің екінші курс студенті Динара Дулова бұл жерде эколог маманы ретінде жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

– Мұнда өндіріс пен экологияның үйлесім табуы ұнады. Болашақта осындай кәсіпорында еңбек етіп, қоршаған ортаға әсерін бақылағым келеді, – дейді студент.

Мақсұт Жақыповтың айтуынша, мұндай танымдық экскурсиялар болашақ мамандарға ірі өндіріс орындарының экологиялық жауапкершілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және жастарды өңір экологиясын қорғауға ынталандырады.