Павлодарда ең ірі қалдық сұрыптау орталығының құрылысы аяқталуда
Кәсіпорынның іске қосылуы биылғы жылдың шілде-тамыз айларына жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда жылына 150 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптай алатын ірі экологиялық жоба – қалдықтарды сұрыптау орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Жоба қоқысты полигонға жіберу көлемін азайтып, қайта өңдеуге бағытталатын қалдықтардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
«Сортировочный центр» ЖШС директоры Александр Аубаковтың айтуынша, қаладағы барлық тұрмыстық қалдықтар сұрыптау желісіне түсіп, оның ішінде 30 пайызға дейін қайта өңдеуге жарамды фракциялар іріктеледі.
– Біз қаланың барлық тұрмыстық қалдықтарын сұрыптауымыз керек. Оның ішінде 30 пайызға дейінгі бөлігі қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл – пластик, қағаз, картон, шыны, металл, алюминий банка және полигонға түспеуі тиіс басқа да материалдар, – деді «Сортировочный центр» ЖШС директоры Александр Аубаков.
Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 150 мың тоннаны құрайды, ал бүгінде Павлодарда шамамен 110 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі. Бұл қала көлемінің болашақтағы өсуіне де мүмкіндік береді.

Жобаның бірінші кезеңіне 4,7 миллиард теңге бөлінген. Оның 43 пайызы – жеке инвестициялар, қалған бөлігі Мемлекеттік даму қоры арқылы мемлекет қолдауымен тартылған.
– Жоба өзін-өзі ақтайды. Бұл – жеке инвестициялар. Біз қызметімізді өз кірісіміз есебінен дамытамыз және келесі кезеңді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – деді кәсіпорын басшысы.
Қазіргі таңда негізгі жабдықтар іске қосылған. Болашақта инвесторлар Павлодарда қалдықтарды терең өңдейтін толыққанды кешен құруды жоспарлап отыр.
Бұл үшін мамандар кәсіпорынға түсетін қалдықтардың морфологиялық құрамын зерттейді. Алынған деректер өңірге қандай қайта өңдеу өндірістері қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын мәліметінше, жыл сайын мұнда 18 мың тонна пластик, 10 мың тонна қағаз бен картон, алты мың тоннаға дейін металл және сегіз мың тонна шыны сұрыпталмақ. Сонымен қатар, шамамен 60 мың тонна органикалық қалдық компосттау әдісімен өңделіп, абаттандыруға арналған органикалық топыраққа айналады.

Бір сұрыптау желісінде 36 адам жұмыс істейді. Олар фракциялар бойынша бөлініп, қалдықтарды үздіксіз іріктеу процесін қамтамасыз етеді.
Павлодар облысы экология департаменті басшысының орынбасары, бас мемлекеттік экологиялық инспектор Әсет Сыздыковтың айтуынша, сұрыптау жүйесін енгізу қолданыстағы полигонға түсетін жүктемені азайтады.
– Полигондағы негізгі шығарындылар – органикалық қалдықтардың ыдырауы нәтижесінде пайда болатын полигон газы. Қайта өңдеуге жіберілетін қалдықтар көбейген сайын қоршаған ортаға түсетін зиян да азаяды, – деді ол.
Павлодар облысы табиғи ресурстар және қоршаған ортаны басқару басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың айтуынша, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту – өңірдің экологиялық саясатының маңызды бағыты.
– Экологиялық мәдениет әр адамнан басталады. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау, қалдықтарды дұрыс сұрыптау – күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы тиіс, – деді ол.
Жоба толық қуатында іске қосылғаннан кейін кәсіпорында 150-ге дейін жұмыс орны ашылады. Бұл бастама тек қалдық көлемін азайтып қана қоймай, Павлодар облысында қайта өңдеу саласының дамуына негіз болады.
Еске салайық, Павлодар облысының бірнеше ауданында ТҚҚ полигондары салынады. Иртышск, Тереңкөл, Майқайың және Баянауыл ауылдары үшін жобалық-сметалық құжаттама дайын. Сондай-ақ Шарбақты, Железин, Май, Ақтоғай және Успен аудандарында да осындай құжаттар әзірленіп жатыр. Ескі қоқыс орындары рекультивацияланады.
Павлодар өңірінде қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыратын 321 нысан бар, алайда олардың тек үшеуі ғана экологиялық талаптарға сай келеді.