Павлодарда қоқысты бейберекет төккендерге қомақты айыппұл салынады
Павлодар қаласының прокуратурасы заңсыз қоқыс үйінділеріне қарсы рейдтерді жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кезекті рейд кезінде қаланың солтүстік өнеркәсіптік аймағында заңсыз қоқыс жиналған орын табылды. Аталған аумақты Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жедел түрде тазалап, санитарлық талаптарға сәйкес қалпына келтірді.
Бұдан бөлек, қалдықтарды рұқсат етілмеген жерге тастаған екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қала прокуратурасының мәліметінше, олар ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының бірінші-екінші бөлігіне сәйкес жауапқа тартылған.
– Рұқсатсыз қоқыс төккені үшін жеке тұлғаларға жұз айлық есептік көрсеткіш, ал кәсіпкерлік субъектілеріне мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделген. Экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау шаралары жалғасуда. Тұрғындар мен кәсіпкерлерді табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтап, қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға шығаруға шақырамыз, – деді қалалық прокуратурада.
Мамандар табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылау және рұқсатсыз қоқыс орындарын жою бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.