Ардагерлер ескі жылды футбол алаңына шығарып салды
Турнирге төрт команда қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Инвесторлар үйінің спортзалында өткен жарысқа Торайғыров университеті, облыстық перзентхана, ТЖД, сондай-ақ «Замандас-Павлодар» ардагерлер клубының командасы қатысты. Соңғысы №1 емхананың «Белсенді қарттар мектебімен» бірлесе турнирдің ұйымдастырушылары болды.
- Турнир Павлодар облысының 85 жылдығына арналды, - дейді «Замандас-Павлодар» ҚБ директоры Нұрбәну Әмірғалиева. – Мұндай іс-шаралар, жарыстарды жиі өткіземіз. Жақында Ақсуға бардық. Жоспарда Аққулы ауданына қарасты Қарақалаға барып, сол жерде футбол, шахмат ойнап келу. Ол жақта вокалдық топтар да жұмыс істейді.
Келесі жылы «Замандас-Павлодар» клубының жұмыс істегеніне 15 жыл толады. Нұрбәну Әмірғалиева павлодарлықтарды клубқа шақырды. Мұнда би, вокал, шахмат – барлығы 16 үйірме жұмыс істейді. Клуб Павлодар қаласы Астана, 155 мекенжайында орналасқан.
Футболшылар болса, меценаттардың көмегімен Инвесторлар үйінің спортзалында аптасына екі рет жаттығады. «Замандастардың» тұрақты спортпен шұғылданғаны футзалдан өткен жарыста көзге ұрды: қарттар тәуір ойын мәнерін танытты.
- Жеңіске жетуге тырысамыз, - дейді «Замандас-Павлодар» командасының капитаны Қабдылбәри Алинов. – Командамыз бір-бірімен ойнап үйренген, тәртіпті. Жастарға үлгі танытуға тырысамыз.
Алғашқы матчта ардагерлер ТЖД командасын 5:2 есебімен, ал екінші қарсыласы – медиктерді 3:1 есебімен тізе бүктірді. Соңғы кездесуде «Замандас-Павлодар» Торайғыров университеті ұжымын ұтып, турнир кубогін иемденді.