Павлодарлықтар Жаңа жылдық отшашу таңдаған кезде нені ескеру керек?
Құтқарушылар пиротехниканы қалай таңдау қажеттігі туралы айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Әр пиротехникалық бұйымның жарамдылық мерзімі болады. Сатып алар алдында міндетті түрде оны қарап, тексеру керек. Сыртқы қаптамасы бүтін және ылғалды емес болуы тиіс, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ренат Валишанов.
Оның сөзінше, отшашуды қауіпсіз жерде, ашық алаңда тұрғын үйлер мен ғимараттардан 50 шаршы метр қашықтықта атқан дұрыс. Пиротехника қосылмаса, жанына 10 минуттай жақындамауға кеңес беріледі.
– Отшашу жағып, адам жарақат алған кезде бірден жедел жәрдем шақырып, медициналық көмекке жүгіну керек. Жарақат алған жерді қармен басуға болады,– деді Ренат Валишанов.
Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында іс-шараларды қауіпсіз өткізу мақсатында жыл сайын ТЖД жергілікті полиция қызметі қызметкерлерімен бірлесе отырып, күнделікті пиротехникалық бұйымдардың санкцияланбаған сату орындары бойынша рейдтік іс-шаралар өткізіледі.
– Сатушылардың пиротехникалық бұйымдарды сатуға рұқсаты бар қауіпсіздік сертификаты мен полициядан алынған рұқсаттама болу керек. Олар ірі дүкендердің ішінде немесе оның аумағында ол өнімдерді сату үшін рұқсат алу тиіс,– деп нақтылады Ренат Валишанов.
Спикердің сөзінше, былтыр бұл ережелерге бағынбай, заңсыз отшашу сатқан бірқатар тұрғын жазаланды. Жалпы 63 пиротехникалық зат тәркіленіп, 11 хаттама толтырылды.