Асайын Байханов ғасыр жасаған ардагерді құттықтады
Ол 17 жасында майданға аттанған еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аймақ басшысы Павлодар ауданының Сычевка ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Алексеевна Матюшинаны 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
– Ғасырлық ғұмыр - айрықша белес. Мария Алексеевна – соғыстың ауыр жылдарын бастан өткеріп, елдің қайта еңсе тіктеуіне және келер ұрпақтың болашағына өлшеусіз үлес қосқан қайсар жерлесіміздің бірі, – дейді облыс әкімі Асайын Байханов.
Ол небәрі 17 жасында майданға аттанып, құрылыс бөлімшелерінде қызмет етті, қорғаныс бекіністерін салуға қатысты. Жеңіс күнін Финляндия шекарасында қарсы алды. Соғыстан кейін тың игеру жұмыстарына араласып, дала төсінде аянбай еңбек етті.
Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін екінші дәрежелі "Отан соғысы" орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.
– Мария Алексеевнаға әр күні қуаныш пен шаттық сыйлап, жақындарының қамқорлығы үзілмесін. Оның өмір жолы бізге бейбітшіліктің, отбасының және Отанның қадірін терең түсінуге әрдайым үлгі болсын. Сізге шексіз алғыс білдіремін, Мария Алексеевна, – деп атап өтті ол.
Бүгінде Мария Алексеевна – үлкен әулеттің ортасында 11 немере, 29 шөбере және 3 шөпшектің ыстық ықыласына бөленіп отырған бақытты әже.