TEDx форматы: Павлодарда тіл тақырыбында республикалық форум өтті

TEDx форматы: Павлодарда тіл тақырыбында республикалық форум өтті
Фото: Есенжол Исабек

«Қазақстан жастары: мемлекеттік тіл саясаты және қоғам» тақырыбында семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінде ұйымдастырылған форумға Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов және облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, этно өкілдері қатысты. 

Тіл саясаты комитетінің төрағасының айтуынша, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мәселесі өзекті болып отыр. Шараның мақсаты   –  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын іске асыру. 

 – Дамыған заманда сол дамудың көшімен қазақ тілі ілесе ала ма? Қандай проблемалар бар? Оны қалай шешкен жөн? Алға қойылған қандай міндеттер бар? Міне, бұл семинар осындай сұрақтарға жауап іздеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.  Жалпы мемлекеттік даму барысына жастардың көзімен қарағымыз келді, – дейді Ербол Тілешов.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақастың сөзінше,   TEDx форматындағы шаралардың маңызы зор. Бұл жерде таратуға тұрарлық идеялар болуы керек.

– Бұл жоспарды жүзеге асырудың ішінде мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оның қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ бұл шараның форматы да өзгеше. Семинар-кеңес TEDx форматында өткізілді, – дейді Саяуыш Сәдуақас. 

Министрлік өкілдерінен бөлек, Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласының жоғары оқу орындарының жас ғалымдары, студент жастардың көшбасшылары, жергілікті зиялы қауым өкілдері, этнос өкілдері мен студенттер шақырылды.

Шара барысында спикерлер сахнаға шығып, қазақ тілінің дамуы, дағдарысы, проблемасы жайлы ойларын ортаға салып, пікірталас өткізді. 

Сондай-ақ, шараға Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстаны факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының профессоры, Жапонияның Цукуба университетінің координаторы, мемлекеттік тілді жетік меңгерген жапон азаматы Такаши Ниномиян қатысты.