Суретшілердің шеберлігі павлодарлықтарды соғыс уақытына үңілтті

Суретшілердің шеберлігі павлодарлықтарды соғыс уақытына үңілтті
фото: Амира Жартекей

Павлодар облыстық көркемсурет мұражайында «Бессмертие» көрмесі ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Экспозиция Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған. Онда облыстық суретшілер одағы мүшелерінің жұмыстары мен музей қорының туындылары қойылды. 

– Бұл көрме жәй ғана көрме емес, бұл ерлерді ұмытпай ұлықтау, бейбітшіліктің қалай орнағанын ұмытпау. Оны Қазақстан Республикасының Өнер академиясы ұйымдастырды. Суретшілер бір ай бойы дайындалды. Әрқайсысы сюжетті ойластырып, композиция жасап, соғыс пен ерлік туралы өз түсініктерін білдірді, – дейді мұражай қорының сақтаушысы, өнертанушы, ҚР суретшілер одағының мүшесі Ольга Пашко.

Жұмыстар акварельмен, акрилмен, маймен шынайы түрде бейнеленді. Барлығы соғыс тақырыбын жақсы ашуға көмектесетін материалды таңдады. Сәндік және қолданбалы формалар да қолданылды: ағаш ою және керамика.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр сурет тек сурет емес, ішкі қобалжуға толы көркем сөз.

Бұл ретте, майдангерлер – өнер мұражайының негізін қалаушы Иван Лагутин мен павлодарлық суретші Михаил Колмогоровтың жұмыстары ерекше орын алады.

Павлодар облыстық суретшілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Өсербай Шуранов көрмеге төрт жұмыс ұсынды. Оны ардагерлердің тағдыры шабыттандырды, оның бейнелері шынайы оқиғаларға негізделген кенептерде жеткізілді.

– Мен Ардагерлер туралы жұмыстарды әкелдім, олардың бірін Ролан Сейсенбаевтың әңгімесіндегі ауыр жараланған қазақ сарбазына арнадым. Оның ерлігі – естелік символы және болашақ ұрпақ үшін үлгі, – деп есептейді Өсербай Шуранов.

Алексей Балиннің «Журавли» әніне арналған жұмысы ерекше назар аударуға тұрарлық. Кенепте – аспандағы тырналар құлаған жандардың символы ретінде бейнеленген. Ольга Пашконың айтуынша, бұл әркімнің жүрегінде сақтайтын естелік. 

Бұдан бөлек, көрменің ашылуында суретшілерге мадақтамалар табысталды.