Асайын Байханов Ақтоғайдағы өнер мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты
Ол – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданына ат басын бұрып, жаңартылған өнер мектебінің ғимаратына арнайы барды.
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың айтуынша, бүлдіршіндерге жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
– Балаларға барынша қолайлы жағдай жасауды Мемлекет басшысы да талап етеді. Жергілікті биліктің басты бағыттарының бірі – осы балаларға жағдай жасау. Болашақта Ақтоғайдың балалары өз өнерін үлкен сахналарда көрсетеді деп сенеміз. Шығармашылықта жүрген атақты жерлестеріміздің қатарын толықтырады деп үміттенеміз, – деді ол.

Ақтоғайда ашылған жаңа өнер мектебі бірнеше бағытта жұмыс істейді. Мұнда музыкалық, хореографиялық, көркемсурет, вокал және театр студиялары бар. Сонымен қатар, домбыра, қобыз, гитара, фортепиано сыныптары мен сәндік-қолданбалы өнер үйірмелері де жұмыс істейді. Ерекше бағыттардың бірі – тіл дамыту мен сөйлеу кемшіліктерін түзетуге арналған «Маржан сөз» үйірмесі.
Мектеп директоры Гүлжайнат Нұрмағамбетова жаңа ғимараттың маңызын атап өтті.
– Бұрын балаларымыз 1938 жылы салынған ескі, тар ғимаратта оқыды. Қазір жаңа, кең әрі жарық сыныптар ашылып, барлық жағдай жасалды. Жаңа орталықта 270 бала білім алады. Қазіргі таңда орталық бос орындар жоқ, – деді мекеме басшысы.

Кездесуде болған ата-аналар да бұл бастаманы үлкен қуанышпен қабылдады. Ақтоғай ауылының тұрғыны Гүлдариға Советханқызының екі баласы осы орталықта білім алады.
– Бұл – біздің балаларымыздың көптен күткен қуанышы. Осындай кең, жарық өнер ордасының ашылуы балалардың өнерін шыңдауға үлкен мүмкіндік береді. Осы орталықтан болашақта талай дарынды шәкірттер шығады деп сенеміз, – дейді ата-ана.

Айта кетейік, жаңа ғимарат екі қабатты. Екі аусымда қызмет етеді. Бүгінгі күні штатта сегіз ұстаз жұмыс істейді.