«Abylimpics»: Павлодарда аймақтық IT байқауы өтті

«Abylimpics»: Павлодарда аймақтық IT байқауы өтті
Фото: автор

Аталмыш іс-шараға Павлодар мен Ақсу қалаларынан 30 өтінім келіп түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақпараттық технологиялар колледжінің «IT-HUB Pavlodar» бөлімшесінде алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар мен студенттерге арналған «Abylimpics» атты аймақтық IT жарысы өтті.

12 жастан асқан оқушылар «Графикалық дизайн», «ВЕБ-дизайн және әзірлеу» сияқты екі құзыреттілік бойынша жарысты. 

 «Abylimpics» қозғалысы мүгедектігі бар адамдардың кәсіби тәуелсіздікке деген ұмтылысын арттыруға және олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне толық интеграциялануын қолдауға бағытталған.

– Чемпионат WorldSkills форматында өтуде. Басты міндетіміз – мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамға кіруге, сондай-ақ өздерінің кәсіби мүмкіндіктерін көрсетуге көмектесу, – дейді іс-шара ұйымдастырушысы, сарапшысы Дәурен Тәшімов.

Оның айтуынша, жарысқа қатысушылардың көбі негізінен графикалық дизайнды ВЕБ-дизайнға қарағанда жеңіл болғаны үшін таңдаған. Веб-дизайн және әзірлеуге қатысушылар нөлден бастап интернет-дүкенді және интернет-рәміздерді құруы керек.  Тапсырманы орындауға уақыт бойынша шектеу қойылған. 

– Ұлым – 15 жаста. Диагнозы – балалар сал ауруы. Байқауға өзі қызығушылық танытты. Оны графикалық дизайн қызықтырады. Болашақ мамандығын негізі осы саламен байланыстырғысы келеді, – дейді жарыс қатысушының анасы Наталья Кавалерская.

Ол аталмыш конкурс арқылы бала әрі қарай бұл саламен қаншалықты айналасатыны дұрыс деген сұраққа жауап алғысы келетінін айтып, осындай мүмкіндіктер үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. 

– Мен кішкентай кезімнен сурет саламын. Кейін интернет желісінде сурет салып, жұмыстарыммен бөлісуді армандайтынмын. Болашақта визуалды дизайнмен айналысып, сондай компанияда жұмыс істегім келеді, – деді 17 жастағы ВЕБ-дизайн және әзірлеуге қатысушы Фархат Шахмардан.

Сондай-ақ, аймақтық байқау өткізілгеннен кейін жеңімпаздар WorldSkills Kazakhstan чемпионаты аясында өтетін «Abylimpics» республикалық байқауында Павлодар облысының атынан қатысады. Бұдан бөлек, жарыс жүлдегерлері мен жеңімпаздары ақшалы сыйлықтармен марапатталады.

Айта кетейік, байқау аясында конкурсқа қатысушылар мен қонақтар үшін ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері мен оқытушыларынан 3Д-прототиптеу, виртуалды шындық, металл кесуге арналған заманауи станоктарда жұмыс істеу, бейнеконтент жасау бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.