Павлодарлық оқытушылар Болгарияға барды

Павлодарлық оқытушылар Болгарияға барды
Фото: Әлкей Марғұлан университеті

Болгарияның Стара-Загора қаласында жобаны іске асырудың жоспары мен стратегиясын талқылауға бағытталған бастапқы кездесу өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жиынға барлық серіктестер қатысты. Қазақстан тарапынан Әлкей Марғұлан университетінің оқытушылары  Евгений Кольев және Нұрболат Алпысбай барды.

Кездесу барысында жоба үйлестірушісі – Тракья университетінің (Болгария) өкілі, профессор Дарина Заимова жобаны басқару және қаржыландырудың негізгі бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар Эразмус+ талаптарына жаңа өзгерістер туралы хабарлады. Барлық серіктестердің өкілдері өздерінің университеттерімен және жобаны жүзеге асыру жоспарымен таныстырды. Соңында барлық қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, кездесуді ұйымдастырған Дарина Заимоваға үлкен алғыстарын білдірді. 

–  2023 жылдың қыркүйек айында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Эразмус+ бағдарламасының «Денсаулығы бұзылған және ерекше қажеттіліктері бар жастарды сауықтыру бойынша академиялық серіктестік» тақырыбы бойынша консорциум құрамына енген болатын. Консорциумға тоғыз мемлекеттен білім және ғылыми ұйым кіреді. Олар – Болгария, Түркия, Италия, Хорватия, Сербия, Эстония, Венгрия, Молдова және Қазақстан оқу орындары, – дейді университетте. 

Былтыр 20 желтоқсанында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті базасында ғылыми-зерттеу тобы құрылды. Оның жетекшісі болып «Өнер және спорт жоғары мектебінің» оқытушы-зерттеушісі, PhD докторы Евгений Кольев тағайындалды.