Павлодарда үш жүзге жуық бала үйде оқиды
4800-ден астам ерекше білім беруді қажет ететін бала жалпы орта мектептерде білім алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ӨКҚ-да баланың дамуында, денсаулығында бұзушылықтар анықталған ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқу-тәрбие процесі қалай ұйымдастырылып жатқаны туралы баспасөз жиыны өтті.
Павлодар облысы білім беру басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Байғазинова бүгінде облысымызда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 7489 бала тұратынын атап өтті. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 7,4%-ға өскен. Оның ішінде 1952 мүгедек бала бар, бұл – 2022 жылғыдан 7,1%-ға жоғары.
- Ал, осындай балаларды даярлау үшін 33 арнаулы білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде 7 арнайы мектеп, мектеп-интернаттары, 9 арнайы балабақша, 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы, 13 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 1 аутизм орталығы бар, - деді Гүлмира Байғазинова.
7 арнайы мектеп-интернатының ішінде біреуі есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға, біреуі көру қабілеті бұзылған балаларға, қалған бесеуі ақыл-ойы кемістігі бар және психикалық дамуы бұзылған балаларға арналған.
- Қазіргі уақытта әдеттегі балабақшаларда, жалпы орта мектептерде, колледждерде басқа балалармен араласып ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4828 бала немесе 64,4 пайызы инклюзивті білім берумен қамтылған. 1665 бала немесе 22,2 пайызы арнайы мектеп, балабақшаларда білім алуда, - деді Гүлмира Байғазинова.
Гүлмира Байғазинованың айтуынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар өздерінің тұрған мекенжайы бойынша қарапайым мектептерде білім алуға құқылы. Ол мектеп балаға инклюзивті білім беру бойынша барлық жағдайды жасауға міндетті.
- Қарапайым мектептерде сыныбында осындай бала білім алатын болса, ол мұғалімнің жалақысына 40 пайыз үстемеақы қосылады, - деді Гүлмира Байғазинова.
Сондай-ақ денсаулығына, тәртібіне байланысты үйден білім алатын балалар да бар. Облыста 300-ге жуық бала үйден білім алуда.
Жалпы, балаға ерекше білім беру қажеттілігі жөнінде шешім психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) ұйғарымымен шығарылады. Баланың ата-анасы өтініш білдірмейінше бұндай шешім шығарылмайды. ПМПК балалардың ерекше қажеттіліктерін ерте анықтауға, балалар мен олардың ата-аналарына уақтылы консультациялық көмек көрсетуге бағытталған.
Фото: ашық дереккөздерден