Айыппұлды уақытында төлемеген павлодарлық көлігінен айырылды

Өңірде «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, рейд барысында борышкер-жүргізушілерден 18 миллион теңгеден астам қаражат өндіріліп, 12 автокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
Мәселен, Павлодар қаласында «Lada Granta» маркалы автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Оның иесінде 88 607 теңге көлемінде төленбеген айыппұлдар және 1 758 621 теңге сомасында сот қарыздары болған.
– Айыппұлдарым бар екенін білдім, бірақ төлеуге уақыт та, мүмкіндік те болмады. Енді көліксіз қалдым. Тәжірибе көрсеткендей, айыппұлды уақытында төлеген дұрыс екен, – дейді тоқтатылған көлік иесі.
Сондай-ақ, ведомство тұрғындарға қарыздардың бар-жоғын тексеру және оларды келесі тәсілдермен төлеу мүмкін екенін еске салады:
- электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы онлайн режимде;
- екінші деңгейлі банктердің есеп айырысу-кассалық бөлімшелерінде;
- «Qamqor.gov.kz», «Kaspi.KZ», «Egov.kz» мобильді қосымшалары мен интернет-сайттар арқылы.
– Айыппұлдарды тексеру үшін интернет-сайтқа кіріп, «айыппұлдарыңыз туралы біліңіз» бетбелгісін ашып, көлік иесінің ЖСН нөмірін енгізу қажет. Егер фото-бейнетіркеу жүйелерінде тіркелген жол ережесін бұзу деректері болса, олардың фотосуреттерін де осы жерден жүктеп алуға болады, – делінген хабарламада.
Полиция жүргізушілерден көлік тәртібін сақтауды және жол жүру ережелерін бұзбауды сұрайды.