Ақсу кентінде аялдамаға соғылған жүргізушіге қатысты материал сотқа жіберілді
Көлік арнайы айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 ақпанда сағат 07.05-те Ленин - Курчатов тас жолының 17-ші шақырымында ВАЗ-2114 көлігінің 30 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, аялдаманың жиегіне соғылған.
– Зардап шеккендер жоқ. «ҚазАвтоЖол» ЖШС-не келтірілген материалдық шығын көлемі анықталуда. – Жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережесінің 10.1 тармағын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылды. Материал шешім шығару үшін сотқа жіберіледі, - дейді Ақсу қалалық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Темірбек Шәудіров.
Естеріңізге сала кетейік, Instagram желісіндегі @aksu.ermak парақшасында оқиғаның бейнежазбасы жарияланды. Желі қолданушылары оқиға болардан жарты минут бұрын автобус келіп, аялдамалардағы адамдарды алып кеткенін жазған. Сондай-ақ аялдаманың маңында жылдамдықты тежеу бойынша шара қолдануды сұраған. Көлік соғылғаннан кейін аялдаманың бір бөлігі құлап қалған.
Жедел жәрдем оқиға орнынан 26 жастағы ер адамды түрлі жарақаттармен Ақсу қалалық ауруханасына жеткізген болатын.