Павлодар облысында екі адам тұрмыстық химиядан уланып қалды

Павлодар облысында екі адам тұрмыстық химиядан уланып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екі жағдайда да зардап шеккендер улы буларды жұтып, медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, алғашқы жағдай Успенка ауылында болған. 42 жастағы тұрғын үйінің еденін бояғаннан кейін келесі күні өзін жайсыз сезінген.

Ер адамның басы айналып, жүрегі айнып, жалпы әлсіздік байқалған. Дәрігерлер оның лак-бояу материалдарының буынан уланғанын анықтап, Успен аудандық ауруханасына жеткізді.

Екінші жағдай Павлодарда тіркелді. 23 жастағы қыз құбыр тазалауға арналған құралдың улы буын жұтып қойған. Оған химиялық заттан жеңіл дәрежедегі жедел улану диагнозы қойылып, №3 қалалық ауруханаға жеткізілді.

– Тұрмыстық химиялық заттар, еріткіштер мен бояулар қауіпсіздік техникасын қатаң сақтауды талап етеді. Құрамында улы заттар бар кез келген жұмыстарды тек жақсы желдетілетін бөлмелерде және жеке қорғаныс құралдарын пайдалана отырып жүргізу қажет, – деді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.

Маманның айтуынша, бас айналу, жүрек айну немесе тамақтың жыбырлауы сияқты белгілер пайда болса, бірден таза ауаға шығып, жедел жәрдем шақыру қажет.

Жалпы өткен демалыс күндері облыстық 103 қызметі түрлі сипаттағы 1459 шақыртуға қызмет көрсетті.