Павлодарлық өрт сөндірушілер жауынгерлік қызмет үшін қосымша ақы алады
Жалақының өсуі жұмысшының санатына байланысты болмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД бастығы Жасұлан Жұмашев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өрт сөндірушілердің еңбекақысы жайында айтты
Оның сөзінше, өрт сөндірушінің еңбекақысы оның азаматтық қорғау органдарындағы қызмет өтіліне, сыныптық біліктілігіне және жауынгерлік қызметіне байланысты есептеледі.
– Павлодар облысының өрт сөндірушілерінің жалақылары 60 пайызға көтеріледі және әр шақырту мен өрт сөндіру жұмыстары үшін қосымша ақы төленеді, – деді Жасұлан Жұмашев.
Қосымша төлем тек өрт сөндіруге тікелей қатысушыларға беріледі. Қатардағы офицерлер еңбек өтілі мен шеніне байланысты ең төменгі жалақы мөлшері 180 000-230 000 теңгені құрайтын болады. Ал құтқарушылардың жалақысы 70%-ға өседі.
Айта кетейік, еліміздің төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылдың наурыз айында көтеріледі.