Ақсу зауытынан миллиондаған теңгенің ферроқорытпаларын ұрлағандар ұсталды

Ақсу зауытынан миллиондаған теңгенің ферроқорытпаларын ұрлағандар ұсталды
Фото: gov.kz

Ұрлық бірнеше рет жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көлік полицейлері қылмыстық топтың жолын кесті.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, ферроқорытпа ұрлығы Семей және Аягөз станциялары арасындағы учаскеде жүк пойыздарынан жасалды.

Оның айтуынша, бұл жүк «Қазхром» ТҰК» АҚ құрамына кіретін Ақсу ферроқорытпа зауытына тиесілі болған. Жүк Қытай арқылы Жапония мен Үндістанға жіберілген болатын.

Компанияға келтірілген залал сомасы 370 миллион теңгеден асты, – деді полиция полковнигі. – Абай облысы Жарма аудандық сотының шешімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.